Денсаулық

ТЕГІН ТЕКСЕРІЛІҢІЗ!

Акция

Кеше «Мега Ақтөбе» ойын-сауық орталығына келгендер тек демалып қана қоймай, денсаулықтарын тексеруге де мүмкіндік алды. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары «Медицина қызметкерлері салауатты өмір салтын қолдайды» деген ұранмен тұрғындар арасында акция өткізді.

Елімізде «Денсаулық жолы» атты кең көлемді акцияның жүргізіліп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Содан бері  медицина қызметкерлері халық көп шоғырланған орындарға барып, тұрғындарды тегін тексереді. Бұл әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алуға және оларды болдырмау факторларын нықтауға  мүмкіндік береді.

Соңғы кездегі экологияның бұзылуы, экономикалық дағдарыс, тұрғындардың дұрыс тамақтанбауы, ұзақ уақыт компьютердің алдында отыруы, кондиционерлерді пайдалану, зиянды әдеттер, гиподинамия, генетикалық және  соматикалық ауытқулардың пайда болуы әлеуметтік маңызы бар аурулардың қаупін тудырып отыр.

Бүгінгі күні басы ауырмаған адам емханаға бармайтыны анық. Олар ағзасының қандай ауруға бейімдігін, қан құрамын тексеріп жатпайды. Ал тұрғындар кешегі акцияда  өз салмағын, бойын, қан құрамындағы қанттың мөлшерін, қан қысымы мен көру қабілетін тегін тексертуге  мүмкіндік алды.  Өз еркімен келушілер көп болды.

— Эндокринолог, терапевт, көз дәрігерлері келіп, тұрғындардың денсаулықтарын тексеріп жатыр. Біздің мақсатымыз — тұрғындарға көмектесіп, оларға әлеуметтік маңызы бар аурулар жайында ақпарат беру. Қазір өмір сүру салты өзгерді, қозғалыс аз. Дұрыс  тамақтанбайды. Бұлардың барлығы қант диабеті, гипертония ауруларына  душар етіп, көз жанарын нашарлатады.

Біз бұл жерде қандай да болмасын бір ауруды тапсақ, міндетті түрді учаскелік дәрігерлерге жолдама береміз. Акцияның басталғанына екі айдай болды. Содан бері халық көп жиналатын жерлерде өткізіп келеміз, — дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру  орталығының дәрігері Жанна Сатқұлова,

Статистикалық агенттіктің мәліметтері бойынша жүрек, қан-тамыр ауруынан өліп кетіп жатқандар алдыңғы орында тұр. Жұмысқа қабілетті ер адамдардың әрбір үшіншісі осы аурудан көз жұматыны үрей туғызады. Әсіресе, қан қысымының жоғарылауы инсульт, инфаркт, қантамырлары, бүйректің зақымдануына, көздің көрмей қалуына әкеліп соқтырады.

Сондықтан  тұрғындар  өз денсаулықтарын қадағалып жүргендері абзал. Әсіресе, мынадай ыстық күндері.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button